ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Академия ұжымы мен тыңдаушыларын құттықтау сөзі
Қазақстан Республикасының Президенті
Астана, Ақорда
26/10/2006
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң жанындағы
Мемлекеттiк басқару
академиясының ұжымына
Кұрметтi Академия түлектерi мен бүгiнгi тыңдаушылары!
Қадiрлi ұстаздар қауымы!
Сiздердiң баршаларыңызды Мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары мектебін тұңғыш бiтiрушiлердiң 10 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.
Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейін іле құрылған Жоғары мектеп кейіннен Мемлекеттік басқару академиясына айналды. Осы аралықта бұл білім ордасын 344 адам бiтiрiп шықты.
Академия түлектері бүгiнгi таңда түрлі саяси және әкiмшiлiк қызметтерде абыроймен жұмыстарын жалғастыруда.
Кез келген мемлекеттің тағдыры оның кадрларына байланысты. Әкiмшiлiк-басқару жүйесі кемелденбейінше оның экономикасы да, мәдениеті де, саясаты да ілгері дами алмайтыны белгiлi. Мемлекеттік қызметкерлердің бiлiктiлiгi кәсіби шеберлiгi биік болған сайын, мемлекетiмiздiң де өмiршеңдiгi, күш-қуаты арта түспек.
Бүгiнгi таңда ұлттық идеологияға айналып отырған алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына кіру стратегиясы Академия шәкiрттерiне, ұстаздар ұжымына зор жауапкершiлiктер жүктеуге тиiстi. Бәсеке заманы Сіздерден бiлiм мен практиканы ұштастыра бiлетiн, ел үшін жан аямай еңбек етуге әзір азаматтық жауапкершiлiктi талап етеді.
Мен Сiздердi сол биіктен көре алатыныма кәміл сенемін.
Баршаңызға амандық, табыс тiлеймiн!